среда, 18 января 2017 г.

Рецензия для Каирбековой Б.Д

Қайырбекова Бағжанат Дындарбекқызының «Болашақ ауыл мектебі мұғалімінің деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориясы мен практикасы» атты 13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика  мамандығы бойынша орындаған докторлық диссертациясының авторефератына

ПІКІР

   Тәуелсіз еліміздің ғаламдық жаһандану жағдайындағы білім жүйесі әлемдегі адамзат перзентіне ортақ тұтас ғылым һәм білім кеңістігін қалыптастыру ісіне жеке үлесін қосу барысында жаңаша ойлау құндылықтарын сұлбалануы науқанын таңдауды қалайды. Аталмыш сәулетті қоғам салтанатын қиял кейпінен ұлттың баға жетпес ғажайып игілігіне айналдыру - бүгінгі ұмыт бола бастаған ауыл мектебіндегі сыры кетсе де, сыны кетпеген тәжірибелі ұстаздар қауымының ұлағатты істерінің нәтижесі арқылы қол жеткізуге болатынын бүгінгі заман бетбұрысы ерекше байқатуда. Демек, қол жетпес ұлт қазынасын болашақ ұрпақтың сарқылмас байлығына айналдыру киелі жеріміздің қай мекенінде болмасын ғұмыр кешкен әр адамның өне бойындағы табиғи болмысының өзіндік қалыпты жағдайында сақталып, өскелең ұрпақтың танымдық тұлымы болар - ата дәстүрінің жалғасы іспеттес ілкі қазынаға айналуы замана перзенттерінің асыл мұралары болып қала беретіні заңды құбылыс.
 Осы орайда, зерттеу жұмысының бүгінгі білім жүйесін заманауи талаптарға сай қайта модернизациялау мақсатында алыс-шалғай орналасқан ауыл мектептерінен бастаған ісі тек ғылыми-педагогикалық жағынан ғана құнды емес, сонымен қатар жалпы ұлттық дүниетанымымыздың жаңа формация форматына лайықтау ісінің көшбасшысы болатындығына күмән келтірмейтін еңбек деп бағалауға тұрады. Аталмыш зерттеу жұмысының өзектілігі мен ғылыми қажеттілігі бір төбе болса, өз ретінде диссертант және оның қилы арналар кедергілерінен мүдірмей өтуіне далалық данышпандық тұрғысынан ғақлияттық бағыт бере білген ғылыми ұстазының соңғы ғылыми-зерттеу кеңістігінде сирек кездесетін ілудегі дара батыл қадамдары һәм ұмтылыстарына жоғары баға бергеніміз орынды.
  Зерттеу жұмысының тақырыбын таңдау үдерісінің қай тұрғыдан қиыстыра һәм астарлай зерделесек те, айтар ой мен күтілетін нәтижелердің түп-тұқиянын алдын-ала күрделі ой-маржандар шуақтарын шашау шығармай, осы сала бойынша аянбай тер төккен сайыпқырандардың ой електерінен өткен құнды дүниелеріне әрі шешімді, әрі зілді баға бере отырып, өз кезегінде мақсат-жүктің болашақ кемел зердеперзенттердің талқысына түсіп, назар аударуларына тұрарлықтай деректі дәйектелініп, ой-таным һәм ұлттық әфсанна йірімдеріне терең бойлап, шебер болжам жасай алғандығының өзі бір асқар биікке тән дүние.
 Біздің назарымызға ұсынылған еңбектің жалпы кескіндемесіне бірқыдыру тәсілі арқылы сөйлем тұжырымдап, салиқалы  ой тұспалдау оңайға түспеді. Оның қуантарлық бір көрінісі соңғы кемел ұрпақ пен зерделі ұрпақ арасындағы әр ғасыр бесігіндегі алтын тербеліс жиелігіндегі танымдық тоғысу кезеңінің қазақи қалпын сақтай отыра, аласапыран төрткүл дүниенің күрделі сипатын қарапайым ұғым арқылы бағындыруға талпынған ата толғанысының жұлдыз болып жарқырағаны қалың бұқараға ой салғаны болса, келесі жағдайындағы мұңайтқаны есіл арыстар жүрегінен ұшқын алып, ұлттық құндылықтарды сол күйінде сақтай отыра, өскелең ұрпақтың шынайы игілігіне айналдыру ісіне топалаң тосқауылдардың мезгілсіз араласуы салдарынан, аталмыш игі бастаманың дарынды жастар санасынан көп уақыт оздыра орын алғаны дер едік.
Осы орайда Қайырбекова Бағжанат Дындарбекқызының көпшілік назарына ұсынған көлемді еңбегі жоғарыда аталып өткен ұлт тағдыры һәм ұрпақ болашағына қатысты ауқымды мәселелердің терең сараланып, көпшіліктің талқысынан өтіп, өз кезегінде осы сала бойынша көлемді зерттеу жүргізетін ізденімпаз жандардың қанжығасына майланғаны әбден дұрыс болар еді деп топшылаймыз.
 Ізденімпаз Б.Дындарбекқызы ғылыми ұстазы айтан маржан идеялар мен қол жеткізген тәжірибелерді таным елегінен өткізіп, түптеп келгенде жеке ойын сабақтай отыра жүрегінің түбіндегі ғайып көріністерді талмай ізденген жемісті күндер нәтижесі арқылы қағаз бетіне шебер бейнелей білген. Ой түбіндегі алтын тамырдан нәр алған сындарлы сөз тізбектері бір-бірімен ою-өрнектей жымдасып, тұнық тұжырымдармен әрленген.
 Авторефераттағы сөзжасамдық ой-тұжырымдар ғылыми тәртіп реттілігін сақтай отыра жеке-жеке тармақталған төрт тараулы тың тақырыпты құрап, айтар ой жұпарлары көлденең келген қисынсыз сұрақтардың өктемдігіне тойтарыс беретіндей сақадай сай тізбектелген. Ғылыми аппараттың жасамдары соңғы дейектермен толғамды толықтырылып, айтар ойды жеткілікті айғақтатып, ізденіс жаңалығының тәжірибе жүзінде расталып, теориялық тұрғыда терең зерделенуі ғылыми жаңалықтың ақиқаты жөніндегі дәрменсіз күмәнді тұтастай сейілтіп тұр. Ұзақ жылдар бойы «кеңесіп пішкен» ой орамдары мен кемел ұсыныстар батыл болжамға ұласып, қанжардай өткір, тұлпардай ұтқыр, бүркіттей ұшқыр ақпарат ағындарын тіліп жүріп жол салып, көзі ашық һәм көкірегі ояу арманшыл ортаның санасына нәр беріп, сәулетті ғылым келешегінен үмітін үзбеген зерделі ұрпақтың таным кілтін қолдарына ұстатқандай.
 Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалымның қыналы еңбегі бір кезеңде өртке оранып, бір мезгілде ақ сұңқардай көкте қалықтап жас ұрпақ санасын селт еткізер серпінді ой орамын олжалатқан күй кешуі барысында, міншіл оқырманның көңіліне салқын сызат түсіретін жайсыз жақтарының кемпірқосақтай керіле қалғанын байқамаған сияқты. Оның түп-төркінін аталмыш зерттеу жұмысының негізгі көмбесі болып табылатын болашақ ауыл мектебі мұғалімінің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру дүниесінің ауылдың алтын бесігі болып табылатын ұлттық тәлім-тәрбие құндылықтарымен тығыз байланыста зерделенбегені деп үміттенеміз.
Қорыта келгенде, Қайырбекова Бағжанат Дындарбекқызының «Болашақ ауыл мектебі мұғалімінің деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориясы мен практикасы» тақырыбында әзірленген диссертациясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау Комитетінің талаптарына сәйкес орындаған деп санай отырып 13.00.01. - Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне лайық деп есептеймін.


Пікір беруші:

ҚР Білім және ғылым министрлігі Халықаралық
«Балдәурен» оқу-сауықтыру кешені Бас директорының
ғылым жөніндегі орынбасары, «Атамекен» ұлттық
тәлім-тәрбие бағдарламасының авторы, «Көкше» академиясы
қазақ этнопедагогикасы зертханасының жетекшісі,
педагогика ғылымдарының кандидаты:                                                               М.Қ.Құрсабаев


Рецензия для Қазымбек А.К

Астана қаласы №35 мектеп-лицейі бейнелеу өнері пәні мұғалімі
Қазымбек Абай Қуанышбайұлының «Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған әдістемелік көмекші құрал» («Бейнелеу өнері» пәні, 5-6 сынып) атты әдістемелік құралына
РЕЦЕНЗИЯ



    Аталмыш әдістемелік құрал жалпы білім беретін орта мектеп практикасындағы «Бейнелеу өнері» пәнін оқу-тәрбие процесінде шығаармашылық форматта пайдалану мәселесін қамтыған.
      Автордың негізгі әдістемелік-шығармашылық бағыты пәнді оқушылардың интеллектуалдық  қызығушылығын арттыру барысында қосымша мәліметтер, көрнекіліктер һәм графикалық қисындар, сондай-ақ оқулықтың мазмұнын терең меңгеруге мұрындық болатын дидактикалық материалдарды мектеп тәжірибесінде кешенді игеруге арналған.
     Ғылыми шығармащылық интерпретацияға сүйенген еңбектің жалпы сұлбасы стандартқа сай он қысқаша бөлімнен тұратын тақырыптарды қамтыған. Берілген анықтамалар мен дидатикалық шешімдер  стилистикалық және логикалық сөзжасамдар тұрғысынан өз деңгейінде болмағанымен, жалпы пәнді қомымша материалдар арқылы игеруде (түрлі-түсті кескіндер, фотоматериалдар, авторлық сурет галереясы, компьютерлік дизайн, түрлі кескін этюдтары т.б) ұстаздың педагогикалық тәжірибелеріне негізделген тұстар мақтауға тұрарлық.
     Еңбектің стилистикалық олқылықтары жалпы автордың әдістемелік оқу құралының орта мектеп практикасы үшін  қажет материал бола алатын құндылығына нұқсан келтіріп тұрған жоқ.
     Дегенмен, оқу құралы авторының және пәнге байланысты аталған сын-ескертулер мен пайдалы ұсыныстардың заманауи қажеттігін ескере келе, аталмыш  әдістемелік көмекші құралдың баспадан жарық көруі кезек күттірмейтін іс екенін жеткізгім келеді.





«Тұран-Астана» университеті «Туризм және сервис»
кафедрасының оқытушысы,

педагогика ғылымдарының кандидаты:                                    М.Құрсабаев 

Рецензия для Беркимбаевой У.К

Астана шаһары, №52 мектеп-гимназиясының психологы,  У.К.Беркимбаеваның «Жалпы білім беретін мектепте үйден оқитын бастауыш сынып оқушысына арналған психокоррекциялық жұмыс бағдарламасы»  тақырыбы бойынша дайындалған оқу-әдістемелік құралына
                                                        РЕЦЕНЗИЯ


      Мектеп практикасында бастауыш сынып оқушыларының логикалық һәм шығармашылық ізгіліктерінің жан-жақты даму үрдісін бақылау барысындағы психокоррекциялық жұмыстарды ұйымдастыру мен жоспарлауға арналған У.К.Беркимбаеваның аталмыш еңбегі өзекті мәселелерді қамтығаны байқалады.
      Құралдың жалпы жиындық құрамына келер болсақ, мұқаба жазбаларымен қоса есептегенде, 60 беттік жеке тәжірибелік жазбалар мен сілтемелік (кей жағдайда қолжетімді ақпараттық тезистер) еңбектермен көмкерілген, бірнеше маңызды жайттармен өрнектелген, педагогикалық-психологиялық материалдармен байланыстырылғаны анық. Бұл жерде, оқу-әдістемелік бағытты таңдаған мектеп психологының алғашқы ғылыми-шығармашылық туындысын жоспарлау мен игіліктенуге ынталанған бастамасына оң баға беруге болатынын айта кеткен жөн.
       Назар аудару барысында, аталмыш туындыны өз кемеліне жеткен, сындарылы сараптамадан, ұзақ жыл бойына сыналып-сүрленіп, жұмырланған еңселі оқу құралы деп айта алмағанымызбен, жас маманның бүгінгі мектеп жағдайында, жиі байқалып, өз кезегінде кемшін қалып жатқан өзекті мәселелердің біріне жататын, жалпы білім беретін мектепте үйден оқитын бастауыш сынып оқушысына арналған психокоррекциялық жұмыстар һақында алғашқылардың бірі болып, арнайы бағдарлама жасауға ниеттенген
У.К.Беркимбаеваның бұл туындысына ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
       Еңбек өзінің оқу-әдістемелік стандартына сай, арнайы тараулар мен мәселенің өзектілігін айқындайтын бірнеше тақырыпшаларды өз дәрежесінде қамтымағанымен, кей жағдайларда үйден оқитын бастауыш сынып оқушыларын мектеп дәстүрі мен талабы шеңберінде бірге қамти отырып, білім дағдысын нығайтуға арналған  психокоррекциялық жұмыстарды жобалау мен ендіру ісінде автордың жаңашылдық бастамасын құптауға тұрарлық деп санаймыз.
       Дегенмен, әдістемелік құралды интерпретациялау барысында техникалық, стилистикалық және ғылыми-әдістемелік тұспалдау ережелеріне қайшы келетін олқылықтардың орын алғанын байқағанымызбен, аталмыш материалдың заманауи мектеп практикасында елеулі әдістемелік құрал болатынына кәміл сенеміз.


«Qazaq Folk Academy» Қорының Президенті,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор: Құрсабаев М.Қ